Алғашқы босану кезеңі не үшін маңызды? Алғашқы босану кезеңі не үшін маңызды?
Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Алғашқы босану кезеңі не үшін маңызды?

Медицина оқулықтарына сәйкес босану үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңге жатыр мойнының, жатыр мен туу жолының арасындағы бұлшықеттердің толық кеңеюі (ашылуы) кіреді. Босанудың екінші кезеңінде бала туғанда жатыр мойны мен туу жолдары арқылы жатырдан итеріліп шығарылады. Үшінші сатыда бала жолдасы шығады.

Бірақ осы үш медициналық кезең әйелдердің не сезіп жатқанын көрсете бермейді. Алғашқы босану мен босанудың бірінші кезеңі әдетте екіншісіне қарағанда ұзағырақ болады. Үшінші саты көбінде байқалмайды, себебі босанған әйел бар назарын өз денесіне емес, балаға аударады.

Босану алдында

Жүктіліктің соңғы апталарында гормондар әйелдің денесін бала тууға дайындай бастайды.

Әр әйелдің босануы мен босану алдындағы дайындық тәжірибесі әр түрлі болады, бірақ жақын арадағы бірнеше күн немесе апта ішінде босанып қалатынын көрсететін бірнеше белгі бар. Бұл белгілер бірнеше апта, күн немесе тіпті сағат ішінде кез келген тәртіпте пайда болуы мүмкін және сіз оларды байқамай қалуыңыз да мүмкін.

Баланың орнығуы («іштің түсуі»)

Босану алдында бала жамбасқа түседі. Бұл қыжылдан арылтады және тыныс алуды жеңілдетіп, өкпеге түсетін қысымды азайтуы мүмкін. Алайда, бала қуыққа салмақ түсіріп, сол себептен сіз жиі-жиі кіші дәретке барғыңыз келіп тұрады. Жүйке жүйесі мен қан тамырларына түсетін жоғарғы қысым көбінде аяқтың тартылуына, аяқ пен балтырдың ісінуіне алып келеді. Аяқтың ісінгенін азайту үшін аяғыңызды барынша биік көтеріп, сол жақ бүйіріңізге жатыңыз.

Дәрігер баланың орналасқанын жамбастағы «деңгей» немесе «нөлдік нүкте» деп аталатын жамбас тұсындағы жазықтық дейтін екі сүйек проекциясына қатысты анықтай отырып, баланың басының түсу дәрежесін анықтайды. Баланың басы осы деңгейден 2 см жоғары болғанда, ол «нөлдік нүктеде минус екі», 1 см төмен болғанда, «нөлдік нүкте плюс бір» деп аталады.

«Ұялау» / энергияның шығарылуы

Жүктіліктің соңында сіз өзіңізді әдеттегіден үлкен сезінесіз. Бірақ, бір күні таңертең үйдің бәрін жарқыратып, жуып-тазалап, тамақ дайындап, күміс қасықтың бәрін жалтыратып қойғыңыз келіп оянасыз. Өзіңізге аяушылық танытыңыз, бұл қосымша күш-қуат сізге босану кезінде қажет болады, сондықтан бала тумай тұрып бүкіл жұмысты жасап тастауға тырысып, үй ішінде «ұшып» жүрмеңіз.

Салмақ тастау

Гормондық фонның өзгеруі сұйықтық мөлшерін азайтатындықтан, кейбір әйелдер босанар алдында тәулігіне 500 г дейін салмақ тастайды.

Белдің төменгі жағының ауыруы

Кейбір әйелдер қайта-қайта белдері сырқырап ауыратынын, соның салдарынан ашуланып, мазалары қашатынын айтады.

ЕАС белгілері

Тура босану алдында етеккір алдында болатындай белгілер пайда болады, мысалы, ашушаңдық, бас ауруы, шаршау. Кейбір әйелдердің іші өтуі де мүмкін.

Шырышты тығынның шығуы

Жатыр мойны жүктілік кезінде жабысқақ шырыш тығынымен жабық тұрады, ол жатыр мойны жұмсарып, кеңейе бастағанда түсіп кетуі мүмкін. Бұл босануға бір апта қалғанда, тура босану кезінде де болуы мүмкін. Шырышты тығын қызғылт немесе қоңыр түсті қанмен сіңірілген.

Айтолғақ (Брэкстон-Хикс толғағы)

Босану алдында бірнеше апта бойы жатыр тіпті сіз сезбей де қалатын әлсіз толғақтар сериясын бастай отырып, жаттыға бастайды. Мұндай толғақтар шамамен 30 секундқа созылады және аралығы тұрақсыз болып қайталанады. Кейде олар оқтын-оқтын іш ауыратындай сезіледі және осындайда іш «қатып қалуы» мүмкін.

Кейбір әйелдердің айтолғағы кәдімгідей ауыр болатындықтан, түнгі ұйқысы бөліне береді. Бұл сізге жүкті әйелдерге арналған курстарда айтқан релаксация техникасын пайдалана бастаудың тамаша мүмкіндігі.

Босану мерзімі жақындағанда (өкінішке орай, болжалды күн деп аталатын күні туатын әйелдер саны өте сирек) айтолғақ, сізге байқалғанша, жиілеп, күшейе түсуі мүмкін: «Мүмкін, осы шығар?!». Оларды жиі жалған толғақ деп жатады және жүкті әйелдердің көбі түн ортасында ауруханаға келіп жатады, бірақ оларды үйлеріне қайтарып жатады.

Егер сіз босанып жатқаныңызға күмәндансаңыз, қолыңызға қағаз, қарындаш алып, толғақтың қандай уақыт аралығында қайталанып жатқанын және ұзақтығын белгілей бастаңыз.

Айтолғақ әдетте тұрақты түрде қайталанбайды және сіз кішкене жүре тұрсаңыз, ол кетіп қалады. Нағыз толғақ күшейе түседі және бірдей уақыт аралығында қайталана береді.

EmptyView