Әйел қандай сезімде болады?
Бұрын босанған әйелдерде осы кезеңде босанудың алғашқы белгілері басталуы мүмкін. Бірінші кезекте бұл тыныс алуға қатысты болады: ол әлдеқайда жеңілдейді, өйткені сәби босану жолдарына қарай төмен түсіп, ішкі мүшелерге түсетін қысым басылады. Бірақ жатыр қуықты қысуын жалғастырады, сондықтан әйел дәретханаға жиі баратын болады.
Босану күні жақындаған сайын, келесі белгілер айқындала түседі:
• Іш шамалы төмен түседі. Бұл сәбидің жамбас түбіне түсуінен болады. Бірінші жүктілікте бұл босануға дейін шамамен үш апта қалғанда, ал келесі жүктіліктерде – бірнеше күн бұрын болады. Тыныс алу жеңілдей түседі, оның орнына іштің төменгі жағына түсетін күш арта түседі.
• Әйел жамбасқа күш түсетіндіктен және қандағы гормондар көлемі ұлғайғандықтан зәр шығару мен дефекация қажеттілігін әлдеқайда жиі сезеді.
• Бел мен құйымшақ тартып ауырады. Бұған себеп жамбас бұлшықетінің созылуы және омыртқаға түсетін қысымның артуы.
• Сәби аз қозғалады. Бұл жағдайда арнайы аспаптар ұрықтың қалыпты жүрек қағысын тіркейді.
• Салмақтың азаюы. Тура босанар алдында жүкті әйел шамалы арықтауы мүмкін. Бұл табиғи құбылыс, ол дененің босануға кедергі болатын артық салмақтан арылуына байланысты.
• Айтолғақтың пайда болуы. Әйел жатырының жиырылып, босаңсығанын сезеді. Айтолғақты нағыз толғақпен шатастырып алмас үшін айтолғақтың тұрақсыз болатынын, ал оның күші аз болатынын білу қажет. Толғақтың алғашқы белгілері пайда болғанда уақытты белгілеңіз. Егер жатырдың жиырылуы бірдей уақыт аралығында қайталанбайтын болса, ауруханаға барудың қажеті жоқ.
• Шырышты тығынның шығуы. Бұл процесс сарғыш түсті шырыштың бөлінуімен сипатталады. Бұл босануға дейін бірнеше апта бұрын да, әйелдің жеке қасиеттеріне байланысты толғақ басталған күні де болуы мүмкін. Кейде шырышты тығын су кете бастаған кезде бірге шығады. Бұл жағдайда шұғыл түрде жедел жәрдем шақыру қажет, өйткені толғақсыз су кету – босануды ынталандырудың тікелей көрсетімі.
Жүктіліктің 35-аптасымен сипатталатын ең басты нәрсе – мерзімі жеткен деп саналуы. Сондықтан, егер босана бастасаңыз, дәрігерлер оны тоқтатпайды, жақында балаңызбен кездесе аласыз.
Сәбидің түрі қандай?
Отыз бесінші апта – жүктіліктің сегізінші айының соңы. Тағы бір-екі апта өткен соң, балаңыз өздігінен өмір сүруге толық дайын болады. Осы сәтте бойы шамамен 46 сантиметрді құрайды, ал салмағы – 2500 грамнан асады.
Құрсақтағы балаңыз толық қалыптасты. Бірақ өздігінен өмір сүруге дайындала отырып, шелмай жинауды жалғастырады, терінің өңі ақшылданып, тегістеле түседі, түк пен алғашқы май толықтай дерлік кетеді. Сәбидің буындарды жабатын тері қатпарлары айтарлықтай жақсы көрінеді. Тырнақтары тырнақ орнын толық жабатындай өлшемге жетті.
Құрсақтағы балаңыздыңекі беті томпайғанының арқасында бет әлпеті жұмсарады. Сондай-ақ баланың шашы өсіп, қараяды, көздің түсті қабығы қажетті түске ие болады, әйтсе де сәби көбінде көзін жұмып жатады.
Ұрықтың ішкі мүшелері өздігінен жұмыс істеуге толық дайын десе де болады. Өкпеде бөлінуі өткен аптада уақытша тоқтап қалуы мүмкін сурфактант қайтадан бөліне бастайды.
Жүктіліктің 35-аптасындағы сәбидің ішегінде алғашқы нәжіс меконийдің айтарлықтай көп мөлшері жиналып қалды. Оның құрамына ішек жасушаларының қалдықтары мен өт кіреді. Бірінші рет меконий босанған соң бірнеше сағаттан кейін ғана ішектен шығады. Егер бұл одан ерте жүзеге асатын болса, сәби қағанақ суынан меконийдің аз мөлшерін ғана жұтып қойып, зардап шегуі мүмкін
Жүктіліктің 35-аптасында ұрықтың бүйрек үсті безі белсендірек жұмыс істейді. Олар гормондардың шығарылуына жауапты және бүйрек үстінде орналасады. Дәл осы кішкентай мүшелер дүниеге келген адам денесінде су-тұз және минерал теңгерімін реттейді. Бүйрек үсті безінің қыртысы ағзаға күйзелісті жеңуге көмектесетін гормонды шығара бастайды, өйткені баланың дүниеге келуі – өте үлкен күйзеліс.
35-аптада босану
Сәбиіңіз толық қалыптасқан деп саналғанымен, босануға дейін әлі де болса шамалы уақыт бар. Бала толық қалыптасып, ана жатырынан тыс өздігінен өмір сүруге жеткілікті күш жинап үлгеру үшін мерзіміне дейін осы бірнеше апта жүру қажет.
Алайда, кейбір шыдамсыз балалар дүниеге келуге асығып, босану жолдарына жылжи бастап, босануды тездетеді. Болашақ ананың толғағы 35-аптада басталса, ол қорықпауы қажет. Балаңыз жеткілікті түрде қалыптасқан және басқалардың көмегінсіз тірі қалып қана қоймай, кейін өз құрдастарының дамуынан да артта қалмайтын болады.
Десе де, 35-аптада дүниеге келген балаларға ерекше күтім қажет, бірақ кейін олар кеш мерзімдерде дүниеге келген балалар сияқты дамиды. Ең бастысы, 35-аптаға қарай бала өздігінен тыныс алуды үйреніп, сурфактанттың қажетті көлемін жинап алды, сондықтан алғаш рет тыныс алған кезде өкпесі жабысып қалмайды. Егер толғағыңыз 35-аптада басталып, босанып қалсаңыз, сәбидің жағдайын мұқият қадағалайтын болады, ал анасы басқа әйелдерге қарағанда перзентханада көбірек уақыт болуы мүмкін. Тек осылай ғана сәби дәрігердің қолдауымен толық күшейіп, толық дамыған жаңа туған нәрестеге айналады.
УДЗ жасау
Көп жағдайда осы мерзімде УДЗ жасалмайды, бірақ егер дәрігер осы зерттеуді жасауға ұсыныс жасаса, онда оны елеусіз қалдырмау қажет. УДЗ-ның көмегімен плацентаның қалай жұмыс істейтінін және сәбидің дамуында қандай да бір қауіп-қатердің жоқ екенін анықтауға болады.
Бұрынғыдай дәрігер-УДЗ маманы ұрықтың өлшемін, салмағын өлшейді, жүрек қағысын тыңдайды және ұрықтың ішкі мүшелерінің қызметінің тиімділігі мен даму дәрежесін бағалайды.
УДЗ жасағанда қағанақ суы, атап айтқанда – оның сапасы мен көлемі міндетті түрде тексеріледі. Сондай-ақ дәрігер босану кезінде болатын қиындықтардың алдын алу үшін баланың кіндікке оралып қалмағанын тексереді. Плацентаға ерекше көңіл бөлінеді. Осы сәтте ол жетілудің екінші дәрежесінде тұр, бірақ бір аптадан соң үшіншісіне өтеді.
Дәрігер баланың жатысын тағы бір рет анықтайды. Ол басымен келуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, әйелге жатырынан сәбиді жылдам шығарып алу үшін кесар тілігін жасау ұсынылуы мүмкін.
Осы мерзімдегі болашақ ана декреттік демалысқа әлдеқашан шығып қойған. Бірақ, егер олай болмаса, болашақ ананы күйзеліске ұшыратып, шаршататын қандай да бір кәсіби қызметтен бас тартқан жөн.
Бос уақытын әйел адам алдағы босануға дайындықпен өткізуі тиіс: курстарға бару, перзентханаға сөмкені жинау және белдің ауырғанын шамалы жеңілдету үшін демалып, арқа бұлшықетіне арналған арнайы жаттығуды мерзімді түрде жасап отыруы қажет.
Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.