Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Жүктіліктің 30-аптасы

Әйелдің сезімдері

Осы мерзімде көп жайсыздық пен мазасыздық тудыратын – өсіп келе жатқан іш. Жатырдағы бала басын төмен қаратып орналасқан, ал аяғы анасының қабырғасына тірелген сияқты. Сәби аяғымен тепкенде анасының ішін ауыртуы мүмкін, сондықтан үнемі денені қадағалап, арқаны түзу ұстауға тырысу қажет. 
Әйелдің ішкі мүшелері күннен күнге орнынан ығысып жатады, бірақ бұл ұрықтың өсуі мен жатырдың ұлғаюын ескергенде қалыпты жағдай. Әйелдің тәнінде сұйықтық жиналып қалуы мүмкін. Бұл ісінуге және тамырлардың дүмпиюіне алып келеді. Саусақтарды немесе білекті қысатын барлық әшекей бұйымдарды шешіп, денеге жабысып тұратын киімді кимеген дұрыс. 
Болашақ ана сәбиді барлық қажетті пайдалы заттармен қамтамасыз ету үшін дұрыс тамақтанып, түрлі дәрумендерді және тағамдық қоспаларды қабылдауы қажет. 
Кейбір әйелдердің денесінде түктің көбеюі байқалуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай, өйткені денедегі гормондық өзгерістер жалғасады. Босанғаннан кейін барлық артық түктер өзінен-өзі жоқ болып кетеді. 
Осы мерзімде көп жағдайда жүкті әйелдердің кіндігі сыртқа шығып кетеді, бірақ сәби дүниеге келгеннен кейін ол өзінің бұрынғы қалпына келеді. Жүрген кезде ана жатырдағы баланың белсенді қимылдап жатқанын сезеді, бұл қалыпты жағдай. Сәбиді шамалы тыныштандыру үшін таза ауада серуендегеннен кейін шамалы жата тұруға тырысыңыз. 
Әйел босануға белсенді дайындала бастауы қажет. Бірінші кезекте жүкті әйел перзентханаға қалай және қашан баратынын күні бұрын қамдауы қажет. Палатаға алдын ала тапсырыс беріп, сәбидің дүниеге келуін ауруханада жатып күтуге болады, не болмаса, толғақты күтіп, тура босанар алдында перзентханаға келуге болады. Сондай-ақ, дәрігерден перзентханаға қажетті заттардың тізімін нақтылап, сізбен бірге кімнің ілесіп баруға болатынын біліп алған жөн.

Сәбидің дамуы

Құрсақтағы балаңыз кәдімгідей өсіп қалған: бойы 37 сантиметрді құрайды, ал салмағы 1300 грамға жетеді. Сәбиге жатыр тар болып барады, сондықтан ол өзінің қозғалу белсенділігін шамалы шектейді, сонда да ара-тұра қатты қимылдап қоятыны бар. 
Сәбидің мүшелері мен ағза жүйелері толық қалыптасқанына қарамастан, оның миы дамуын жалғастырады. Ми қыртысының ауданы ұлғаяды, әрқайсысы бөлек қызметті атқаратын жаңа қатпарлар пайда болады. 
Кейбір дәрігерлер осы кезеңде балалар белгілі бір оқиғаларды есте сақтауға қабілетті деп санайды. Бұл теория әлі дәлелденбеген, бірақ сәбилерге бүкіл сыртқы тітіркендіргіштердің аса белсенді әсер ететіні айқын. Мысалы, егер бала қатты дыбысты бірінші рет естісе, шошып қалуы мүмкін, бірақ кейіннен ол оған өйтіп реакция бермей, тек сырттағы қатты дыбыстарға басын бұрып қана қоятын болады. 
Осы кезеңде ұрықтың әлі де шала жетілгендігінің бірқатар белгілері бар: оның құлақ жарғағы әлі өте жұмсақ, табан пішіні айқын емес, ал тырнағы әлі де болса жұмсақ және өз орнын толық жауып тұрған жоқ. Жыныстық белгілері де соңына дейін дамымаған. Ұлдардың атабезі ұмаға әлі түспеген, ал қыздардың үлкен жыныс ернеуі кішісін әлі жаппаған болуы мүмкін. 
Отызыншы аптада плацента дамуының жоғарғы шегіне жетеді. Тамырлары қанға толы, ал қартаю белгілері байқалмайды, сондықтан бұл мүше сәбиді оттекпен және пайдалы заттармен қоректендіруді жалғастырады.

Бөлінділер

Егер әйел су кете бастағанын байқаса, онда ол дереу жедел жәрдемді шақыру қажет, өйткені бұл босанудың айқын белгісі болып саналады. Сырт көзге қағанақ суы әдеттегі мөлдір сұйықтыққа ұқсайды, иісі жоқ және көп жағдайда ол сарғыш түсті болады. 
Әйел қағанақ суы бірден түгелдей ағып кетпейтінін түсінуі тиіс. Ол біртіндеп ағуы мүмкін, бұндайда тізкиім әрдайым ылғалды болып тұрғандай сезіледі. Бұндай жағдайда да дәрігерге хабарласу қажет, өйткені қағанақ сұйықтығының ағуы ұрық қабығы бүтіндігінің бұзылғанын білдіреді. 
Түсі, иісі немесе құрылымы ерекше кез келген басқа да бөлінділерге сақтықпен қарау қажет. Тіпті егер осы бөлінділер жүкті әйелге ешқандай жайсыздық тудырмаса да, оған дереу дәрігерге хабарласу қажет. Әйел бойында сәбидің жағдайына кері әсер етуі мүмкін қандай да бір инфекциялық ауру пайда болған сияқты. Егер дер кезінде шара қолданып, емделе бастамаса, инфекция жатырға еніп, балаға жұғуы мүмкін. 
Кез келген қан бөлінділері жедел жәрдем шақыру қажет екенін білдіреді. Тіпті тізкиімдегі шамалы ғана қан мөлшері әйелдің ағзасында плацентаға қатысты проблеманың басталғанын және оны дереу ауруханаға жатқызу керектігін білдіреді. Белгілерінің бірі қан бөліндісі болып табылатын плацентаның ажырауы көп жағдайда ауырсыну сезімін тудырмай өтетінін атап өту қажет.

УДЗ зерттеу

30-аптадан бастап дәрігер үшінші жоспарлы УДЗ жасауды тағайындайды. Емшараны 32-аптаға дейін жасауға болады. Көп жағдайда, емшара дәл осы, анағұрлым кеш мерзімге тағайындалады, өйткені ол кезде сәбидің орналасып алған қалпы босануға дейін сақталады. 
Дәрігер ананың жатырындағы сәбидің дұрыс әрі толыққанды дамып жатқанына тағы бір рет көз жеткізу үшін УДЗ-ны 30-аптаға да белгілей алады. Осы зерттеудің көмегімен сәбидің ішкі мүшелерінің, сондай-ақ жатыр мен плацентаның жағдайын бағалауға болады. Сондай-ақ дәрігер ұрықтың кіндікке оралып қалуын жоққа шығару үшін кіндікті мұқият тексереді. 
Осы мерзімде нәрестенің мүшелері мен жүйелерінің атқаратын қызметін бағалауға мүмкіндік бар. Мысалы, ішектің перистальтикасын қадағалау, бүйрек пен қуықтың жұмысын бақылау немесе жүрек ақауын тексеру.

Аналарға арналған мүмкіндіктер

Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.

EmptyView