Ананың сезімі
27-аптада сәби бұрынғыша өсіп, ал жатырдың өлшемі ұлғайып келеді. Сондықтан қалған басқа мүшелерге түсетін күш күннен күнге артуда. Әсіресе қуыққа қатты күш түседі. Жүкті әйел дәретханаға өте жиі баруға мәжбүр, оған қоса, кіші дәретке барғысы келгені кейде жалған болып шығады.
Осы кезеңде әйелдердің көбі аяғы мен белінің ауыра бастағанын сезеді. Бұл жағдайда жиірек демалу ғана көмектеседі. Дәрігер сізге ұйықтап алуға немесе жай ғана бір бүйіріңізге жата тұруға кеңес береді, алайда әйелдердің көбі өздері де ұйықтағанда осы күйде жатудың ыңғайлы екенін байқай бастайды. Оған қоса, шалқасынан ұзақ жату қуыс венаның қысылуына алып келеді және сәби оттекті әлдеқайда аз алады.
Жатырдың асқазан мен ішекке қысым түсіруінен туындайтын ас қорытудағы қиындықтар жалғасады. Егер әйел тамақтанудың үйлестірілген рационын ұстанатын болса, бұл мәселені шешуге болады. Жасұныққа бай өнімдерді көбірек тұтынып, рационыңызды шикі көкөністермен қанықтыру қажет, кебек (күніне бір шай қасықпен) жеп, бүтін дәнді-дақылдардан жасалған нанды жеуге көшу қажет. Әр тамақтанған сайын көп сұйықтық ішу қажет.
Осы мерзімде омыраудан уыз бөлініп шығуы мүмкін. Бұл әйел өміріндегі алғашқы ана сүті. Сырт көзге уыз қою емес, су аралас сұйықтыққа ұқсайды. Бала өмірінің алғашқы бірнеше күнінде дәл осы сұйықтықты еметін болады. Шындап келгенде, емшек сүті, ананың ағзасында пролактин гормоны белсенді шыға бастағанда, босанғаннан кейін бірнеше күннен соң пайда болады.
Сәбидің дамуы
Жиырма жетінші аптада сәби әлденіп, белсендірек дамиды. Осы кезеңде баланың бойы 34 см жетеді, ал салмағы бір килограмға дейін жетуі мүмкін.
Осы мерзімде дүниеге келетін шала туған балалар сырт көзге кәдімгі жаңа туған нәрестелерге әбден ұқсайды. Олардың денесі үйлесімді дамыған, барлық мүшелері мен жүйелері қалыптасқан, сондай-ақ шашы, қасы мен кірпігі бар. Анасының жатырындағы сәби кейде көзін ашады, қатты шыққан дыбыстарға немесе жарық көздеріне басын бұрады.
Қағанақ суын жұтқанда, сәбиге ықылық тиюі мүмкін. Анасы мұны міндетті түрде сезеді, өйткені ықылық баланың жеңіл әрі жиі түрткеніне ұқсайды. Сәби жиілігі шамамен минутына 40 рет болатын өзінше тыныстау қимылдарын жасауды жалғастырады. Жүрегі тез қағады (шамамен минутына 150 рет).
27-апта маңызды процесті білдіреді: баланың жеке зат алмасу жүйесі қалана бастайды. Кейіннен метаболизм жылдамдығын және қоректік заттарды сіңіру процесін анықтайтын дәл осы жүйе болады.
Бала өсіп, оған жатыр біртіндеп таршылық ете бастағанына қарамастан, ол бұрынғыша өзінің жатысын жиі ауыстырып отырады. Ол басын төмен қаратып жатып, біршама уақыттан соң басқаша жатып алуы мүмкін. Кейін сәби босану сәтіне дейін сақталатын белгілі бір қалыпта жатады.
Босануға дайындық
Егер әйел осы кезеңде кенет босанып қалса, онда баланың аман қалатындай мүмкіндігі бар, өйткені ол толық қалыптасқан. Дегенмен, әйел босану уақытының кешірек басталатынына дайын болуы тиіс.
Әйел күннен күнге босану жайында көп ойлайды. Босанған кезде жаныңызда жақындарыңыздың біреуі болғанын сұраңыз. Ол баланың әкесі немесе болашақ әжесі болғаны дұрыс. Кейбір перзентханаларда бірден бірнеше адамды шақыруға рұқсат береді, бірақ өзіңізбен бірге екі адамнан артық алмаған дұрыс.
УДЗ жасау
Әдетте дәрігерлер осы мерзімде УДЗ жасауға қандай да бір ерекше көрсетімдер болмаса, оны тағайындамайды. Екінші жоспарлы зерттеу баланың дамуы және жатыр мен плацентаның жағдайы жайында толық көріністі сипаттаған. Алайда, кей жағдайларда, УДЗ-ны тағайындауы да мүмкін. Мысалы, анасы ауыр инфекциялық аурумен ауырса немесе оның ағзасында асқыну пайда болса. Егер жүктілік көпұрықты болса, көп жағдайда 27-аптада қосымша УДЗ тағайындауы мүмкін.
УДЗ мамандары ұрықтың жалпы жағдайын, мүшелерінің даму дәрежесін, сондай-ақ ұрықтың жүктілік мерзіміне сәйкес дамып жатқанын бағалайды. Сондай-ақ жатырды, оның өлшемдері мен түбінің орналасқан күйін мұқият тексеру қажет. Одан бөлек, плацентаның орналасқан жері және қағанақ суының сапасы мен мөлшері анықталады.
Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.