Тоғыз айға дейін созылатын жүктілік айтарлықтай жылдам дамып келеді. Он жетінші апта – бұл жүктіліктің бесінші айы. Әйел алдағы босануды ойлап, алғашқы толқу мен қорқыныш сезіміне беріле бастайды. Бірақ осы мерзімде айтарлықтай анық сезілетін ұрықтың алғашқы қозғалыстары көп қуаныш сыйлайды.
Болашақ ананың жағдайы
Әйел салмақ қосуды жалғастырады, ал жұмырланған іш жүкті әйелдердің арнайы киімге деген қажеттілігін тудырады. Кейбір жүкті әйелдерде бас айналу пайда болады. Ол жүктіліктің бірінші және екінші триместріне тән артериялық қысымның төмендеу нәтижесінде туындайды.
Қысым прогестерон бөлінуінің нәтижесінде шеткі қан тамырларының тонусы әлсіз болуынан түседі. Әйелдің басы айналатын болса, онда күрт қозғалмауға тырысып, таза ауада көбірек болу қажет. Алайда, ерекше ауыр жағдайларда бас айналу мен жалпы әлсіздік қатар жүруі мүмкін.
Төмен қысымның кері әсерлерін азайту үшін рационынан қан тамырларын кеңейтетін азықтарды алып тастау қажет. Оларға бұршақ, балдыркөк, сарымсақ, жаңғақтар, цитрустар, мүкжидек, шәңкіш пен ырғай жатады. Табиғи жолмен қысымды көтеретін азық-түлікті таңдаған дұрыс болады. Рационыңызға ашыған сүт өнімдерін, қызыл балықты және шоколадты қосыңыз (кейін балада аллергия пайда болмас үшін аз көлемде ғана жеуге болады).
Құрсақтағы баланың дамуы
17-аптадағы бала бұрынғыдай белсенді өсіп, салмақ қосып келеді. Осы мерзімде басының диаметрі 35 мм асады. Шашы көбейді, ал бет әлпетінен құрсақтағы бала кімге ұқсайтынын да болжап айтуға болады. Ұрықтың көзі толық қалыптасты, сондықтан қараңғыда жарықты айыра алады. Эксперимент жасап көруге болады: әйелдің ішіне қарай қалта шамды немесе басқа жарық түсіретін аспапты апарса, бала сол жаққа қарай басын міндетті түрде бұрады.
17-аптада құлақтың ортаңғы бөлігі, нақты айтқанда – есту сүйекшелері соңына дейін қалыптасады. Ұрықтың дыбыстарды кейін мида өңделетін жүйке импульстарына түрлендіретін есту механизмі жұмыс істей бастайды. Сөйтіп, бала дыбыстарды айқын ажырата бастайды, әйтсе де оларды талдауға әлі қабілетсіз. Бірақ қатты және кенет шыққан дыбыстар баланы әрине мазалайтын болады, ал анасының немесе әкесінің дауысы тыныштандырады.
Баланың қозғалысы үйлесімді бола бастайды. Бала ояу болғанда өз денесін белсенді зерттеп таниды: қол-аяғын бүгіп, жазады, бетіне апарады. Бұл қимылдар болашақ анаға айқын сезіледі.
Он жетінші апта бала терісіндегі өзгерістермен сипатталады: ол ересек адамдарға тән төрт қабатқа ие болады. Бұған қоса, тері астында шамалы май қабаты қалыптаса бастайды. Егер анасының зат алмасуы бұзылған болса, тері шелінің қалыптасуы бұзылып, ұрық дамуының патологиясына алып келуі мүмкін.
Баланың қаңқасы нығаюын жалғастырады. Сүйектерде кальций жиналады, ал бірнеше апта бұрын біте бастаған сүт тістері тісті құрайтын қатты сүйек тінімен қаптала бастады. Басқа мүшелер мен жүйелер де келешекте тек нығаю үшін дамуын жалғастырады.
17-аптаның соңында баланың бойы 17 см жетеді, ал оның орташа салмағы 120 грамды құрайды.
УДЗ жасау
Көп жағдайда 17-аптада ультрадыбыстық зерттеу жасамайды, бірақ ерекше жағдайда дәрігер осы емшараны тағайындауы мүмкін. Сол кезде болашақ ана өткен уақыт ішінде сәбиі қаншалықты қатты өзгергенін көре алады. 17-аптада баланың жынысын оңай әрі дәл анықтауға болады, тек емшараны жасаған сәтте бала қажетті жағымен бұрылса болды.
УДЗ жасағанда дәрігер жалпы жағдайын және ішкі мүшелердің жұмысын бағалап, ұрықтың параметрлерін өлшейді және жүрек қағысының жиілігін тыңдайды. Сондай-ақ баланың қозғалу белсенділігін бағалайды, дамуының патологиясы мен бұзылғаны жоқ екенін тексереді, сондай-ақ жатырдың және қағанақ суының жалпы жағдайын бағалайды.
Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.