Жүктілік және босану - huggies.kz - icon 01

Жүктіліктің 16-аптасы

Осы мерзімде УДЗ жасау сізге құрсақтағы баланың жынысын анықтауға көмектеседі, бірақ 16-аптада жоспарлы зерттеуді сирек жасайды. Осы мерзімнің аса маңызды белгісі – ұрықтың алғашқы қозғалуы, оны алғаш рет жүкті болған әйелдер де сезе алады. Алайда, кейбір аналар ұрықтың алғашқы қимылдауын ішек перистальтикасымен шатастырады.

Әйелдің қал-жағдайы

Жүктіліктің 16-аптасына тән алғашқы белгі – ұрықтың аздап қозғалуы. Сәби анасының жатырында әлдеқашан қозғалып жатса да, осы сәтке дейін оған орын жеткілікті болды, сондықтан әйел өз баласының қозғалысын түк сезбеді. 
Сезінуі бойынша баланың алғашқы қозғалысы ішектің белсенді қызметіне, нақтылап айтқанда – ас қорыту жолындағы газдардың қозғалысына ұқсайды. Осы кезеңде ұрықтың бір тәулікте қанша рет қозғалатынын санаудың еш мәні жоқ, өйткені анасы қимылдың бәрін бірдей сезе бермейді. Сәби жүктіліктің соңына қарай белсендірек тебе бастайды, бұндайда бала өте қатты қозғалатын болса, болашақ анасы ауыруды сезуі мүмкін. 
16-аптада жатырдың түбі жоғары көтеріліп, шаптан 15 сантиметр жоғарылайды. Іш де айтарлықтай қатты жұмырланады, бірақ өсіп келе жатқан жатыр зәр шығаруға және ішектің жұмысына қатты әсер етпейді. Алайда, кейбір әйелдердің іші әдеттегідей қатып жүруі мүмкін. Бұған көбінесе әйелдің аз қозғалуы және гормондарының жоғары деңгейі септігін тигізеді. 
Осы мерзімдегі іш қату балаға қауіп төндіруі мүмкін. Тұрақсыз үлкен дәрет іштің астыңғы жағының тартып ауыруына, ал кейде тіптен жүрек айнуға және аздаған бас айналуға алып келуі мүмкін. Сондықтан 16-аптада іші қатқан әйелдер дәрігерден кеңес алып, тамақтану бойынша диеталық ұсыныстарды бұлжытпай орындауы қажет. Бірінші кезекте бұл ағзадан зәрдің шығуын жеңілдететін жасұныққа бай азық-түлікті тамаққа пайдалануға қатысты. 
16-аптада іш пен қынаптың бұлшықетін нығайтатын аса жеңіл жаттығулардан тұратын жүкті әйелдерге арналған арнайы гимнастика жасауды бастаса болады. Сондай-ақ таза ауада мүмкіндігінше көбірек жүріп, үнемі хауызға барып тұру ұсынылады. 
Жүктіліктің 16-аптасының тағы бір жаңалығы айқын шыға бастайтын пигмент дақтар болып табылады. Жүктілік кезінде шығатын гормондар терідегі сары немесе қоңыр дақтардың пайда болуына жауапты болатын меланиннің белсенді шығуына септігін тигізеді. Арнайы кремдерді сатып алудың немесе теріге қосымша күтім жасаудың қажеті шамалы. Дақтар босанғаннан кейін бірден жоқ болып кетеді.
Дақтарды шамалы ағарту үшін кейде сұлы үлпегінен маска жасап немесе бетті жуар алдында лимон тілімімен сүртуге болады. Алайда, дақтарды декоративті косметикамен жасыруға тырыспаңыз. Қарқынды макияж жүкті әйелдің бетіне аса жараса бермейді. Бұған қоса, косметикалық құралдарды қарқынды жағу аллергия тудыруы немесе тіптен бала денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. 
Кейбір әйелдердің меңдері үлкейіп, қараяды. Қорықпаңыз, бұл процесті патология деп ойламаңыз. Босанғаннан кейін мең өзінің бастапқы түсі мен өлшеміне қайтып келеді.

Құрсақтағы баланың түрі қандай

Жүктіліктің 16-аптасында ұрық айтарлықтай күшейіп, мықты болып алған. Ол салмақ қосты, ал сүйектерінің құрамындағы кальцийдің мөлшері көбейді. Бұлшықеті дами түскен, ал басы тік тұрады, кеудесіне енді жабысып тұрмайды. 
Сәби қозғалыстың белгілі бір үйлесім дәрежесіне ие болады, қол-аяғы саналы әрі белсенді қозғалады. Сәби ұйықтаған кезде бет-аузын тыжырайтады, кейде қабағын түйіп, аузын ашып-жауып, саусақтарын сора алады. Бұған қоса, осы мерзімдегі балалар денесін қозғалтып, еңкейе бастайды. Осыны ұрықтың алғашқы қозғалуы деп санауға болады, себебі мұндай қозғалысты анасы сезе алады.
Орташа есеппен аналар он минутта ұрықтың бір қозғалысын сезуі тиіс. Бірақ 16-аптада осы тәрізді есеп жүргізу әлі ерте, өйткені әйел баланың қимылдарының бәрін бірдей сезе бермейді. Егер қимылдардың нақты есебі қажет болса, бұл арнайы аспаптардың көмегімен жасалады.
Құрсақтағы баланың беті де өзгереді. Көзі мен құлағы өз орнына келіп орналасқан, мұрынның пішінін де айқын көруге болады. Қабақ пен қасүсті доғасында кірпік пен қас қалыптасқан, ал қабақ болса бөлінген, енді сәби айналасын көре алады. 
Баланың терісі әлі де болса қызыл, өйткені осы мерзімде тері шелі әлі пайда болмады. Сырт жағынан сәби арнайы ақ маймен қапталған, ол оны туған сәтіне дейін қорғап тұрады. 
Жыныс мүшелері қалыптасуын жалғастырады. Қыздардың жамбас жағында өз орнында тұрған фолликулалары бар аналық безі толық қалыптасты. Ұлдардың сыртқы жыныс мүшелері қалыптасуын аяқтады, бірақ атабез бұрынғыдай құрсақ қуысында тұр. Осы кезеңде баланың жынысын дәл анықтауға болады, бірақ кейбір жағдайларда УДЗ қорытындысы даулы болуы мүмкін.

Жүктіліктің 16-аптасы және ерекше белгілері

Ұрықтың жүрегі белсенді соғуды, ал барлық ішкі мүшелері жұмыс істеуді жалғастырады. Тәулігіне бала шамамен әрбір 45 минут сайын қағанақ суына шығарылатын 500 мл дейін зәр шығарады. 
16-аптаның соңында көкірек қуысының диаметрі 31 мм жетеді, іштің диаметрі шамамен 31 мм құрайды, ал маңдайдан бастап, желкеге дейін бастың өлшемі – 32 мм. Плацента да қалыңдайды және өлшемі 19 мм жетеді.

УДЗ жасау

Әйел ұрықтың қозғалғанын әлі де сезе бастамаса, оны УДЗ жасаған кезде айқын көруге болады. Жақын арадағы бірнеше апта ішінде бала белсендірек қозғала бастайды, оның теуіп-итергені түнде анасын оятып жіберіп немесе ішін ауыртып жіберуі мүмкін. 
Жүктіліктің 16-аптасында жоспарлы УДЗ сирек тағайындалады. Егер де сізге осы зерттеуді жасауға ұсыныс жасаса, онда сәбиіңіздің бет қимылын және қозғалысын байқай аласыз. Осы мерзімде балалар аяқ-қолын қозғалтып қана қоймай, қабағын да түйеді, өздігінен зәр мен газ шығарады, сондай-ақ жеткілікті түрде күшейген мойнының арқасында басын әрі-бері бұрады. 
Осы мерзімдегі бала өте қызық, себебі қол астындағы нәрселермен: өзінің аяқ-қолымен және кіндігімен алғаш рет ойнай бастайды. Егер жүктілік көпұрықты болса, сәбилер өздері ғана түсінетін өзіндік қатынас жасай бастайды. 
 УДЗ-да ересек адамның жүрегіне қарағанда екі есе жылдам соғатын және тәулігіне қанның 23 литріне дейін айдайтын жүректі көруге болады. Осы мерзімде сәбидің бауыры мен қан құрамы толық қалыптасқан. 16-аптада нейрондардың қалыптасуы жалғасады (сәби денесінде осы жасушалар секундына 5 мыңға дейін пайда болады). Жаңа туған сәбиге ғана тән қанның жалғыз элементі – ұрықты оттекпен қанықтыруға көмектесетін нәрестелік гемоглобин. Бірақ кәдімгі гемоглобин де қалыптасады, бірақ ол нәрестелік гемоглобинді сәби дүниеге келгеннен кейін 6 айда ғана алмастырады.

Аналарға арналған мүмкіндіктер

Балаңыздың дүниеге келуіне дейінгі 40 апта сізді таң қалдыратын барлық қызықты, физикалық өзгерістерге және үлкен күн жақындаған сайын өсетін күту сезіміне толы.

EmptyView